«Бала күнімде Оралды онша ұнатпаушы едім»,-Илья Караваев

      

Орал жанкүйерлерінің сүйікті ойыншыларының біріне айналып үлгерген Илья Караваев клуб баспасөз қызметіне берген сұхбатында өзінің қалай қақпашы болғанын және неліктен бала күнінде Оралды ұнатпағаны жайында айтып берді.

-Илья, жанкүйерлерге өзің туралы, жанұяң туралы айтып берсеңіз.

-Өзім туралы көп нәрсе айта алмаймын. Бар айтарым, Алматы қаласында туып-өстім. Сол жақта футболшы мансабымды бастады. 16 жасымда «Қайрат» футбол академиясына ауыстым. Алдымен қосалқы құрамда, кейін «Қайрат-Жастар» сапына өтіп, Бірінші Лигада ойнадым.

Ал отбасым туралы айтар болсам, өзімнің басым бос. Әкем, анам және әжем бар. Үлкен жанұя дей алмаймын.

-Көп бала қақпашы болудан қашады. Ал сіз неге осы позицияны таңданыңыз?

-Футболды бастаған кезде командаластарымның барлығы менен екі-үш жас үлкен балалар еді. Жасым кіші болған соң мені қақпаға тұрғызатын. Маған қатты ұнады. Содан бері қақпашымын.

-"Ақжайыққа" ауысқанша «Қайраттан» басқа командада ойнадыңыз ба?

-2016 жылы жарты жыл Семей қаласының «Алтай» командасында ойнадым. Бірақ, сәтсіз болды. Сондықтан Алматыға кері оралдым.

-Биылғы маусымда былтырғыға қарағанда әлдеқайда аз гол өткізіп жүрсіз. Александр Удалов пен Сергей Ткачукпен бірге жаттығу өз пайдасын тигізуде ме?

-Менің аз гол өткізуім өзімнің ғана емес, барлық командаластарымның үлесі. Негізгі команда қақпашысы болу үшін таласқанымызбен Александр мен Сергей менің жақын достарым.

-Әлемдік  деңгейде өнер көрсетіп жүрген қай қақпашыларды үлгі түтасыз?

-Үлкен командаларда өнер көрсетіп жүрген қақпашылардан Кейлор Навас пен Уго Льористің ойындары ерекше ұнайды.

-Шетел чемпионатында ойнағыңыз келмей ме?

-Әрине кез-келген футболшы шетелде ойнағысы келеді. Ол үшін өз шеберлігіңді арттырып, тынбай еңбек ету керек.

-Бұрын Оралда болдыңыз ба? Қала ұнап жатыр ма?

-Бала күнімде Оралға келіп жүрдім. Шынымды айтайын, ол кездері Орал ең ұнатпайтын қалаларымның бірі еді. Өйткені үш күн поездпен жүріп келетінбіз. Қазір, бірнеше айдан бері осы қалада тұрып жатқаннан кейін пікірім өзгерді. Орал өте әдемі қала. Әсіресе жазда тамаша.

-Футболшы ретіндегі басты мақсатыңыз?

-Футбол ойнау. Барынша көбірек ойнап, шеберлігімді шыңдап, жанкүйер қауымын қуанту.

-Соңғы тур алдында «Ақжайық» жанкүйерлеріне не айтасыз?

-Осы кезге дейін қолдауын білдіріп келген барша жанкүйерлерге алғысым шексіз. Бізді қолдаңыз. Ал команда сіздерді қуанту үшін барын салатын болады.